Петропавлда әр үшінші көпқабатты үйде басқару жүйесі жоқ

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда жылу маусымы 30 қыркүйекте басталады деп жоспарланған.

үй
Фото: Александр Павский/Kazinform

Петропавл қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу үшін үш күн қатарынан тәуліктік орташа ауа температурасы +10°С немесе одан төмен деңгейде болуы тиіс. Ең алдымен әлеуметтік нысандар: ауруханалар, мектептер мен балабақшалар жылумен қамтамасыз етіледі. Одан кейін тұрғын үйлерге жылу беріледі.

Петропавлда жалпы саны 1 227 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 1 184 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, ал 46 үй пешпен жылытылады. Техникалық қорытынды бойынша, 28 үй апатты жағдайда деп танылған.

Бұдан бөлек 469 үйде немесе жалпы көлемнің 38% мүлік иелері бірлестігі және 198 үйде - 16% пәтер иелері кооперативі бар. 116 үй тұтынушылар кооперативтері арқылы басқарылады. 401 үйде басқару формасы әлі қабылданбаған.

- Басқару жүйесі жоқ үйлер негізінен екі-үш қабатты, 30 пәтерден аспайтын шағын үйлер. Бүгінгі таңда қаладағы 804 көпқабатты тұрғын үй, яғни 68% техникалық тұрғыдан жылу қабылдауға дайын. Бұл көрсеткіш күн сайын артып келеді.

Ешкім жылусыз қалмайды. Дегенмен, тұрғын үйлердің меншік иелері жылу жүйелерін қысыммен жуып-шаю жұмыстарын жүргізуі қажет. Петропавлда мұндай қызметті 7 ұйым көрсетеді. Бір жылу араластырғыш торабын қысыммен тексеру құны 25 мың теңгеден басталады, - дейді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Жұманов.

Бұған дейін Қарағанды өңірінде қанша көмір қоры бар екенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар