Петропавлда аса ірі көлемдегі есірткімен ұсталған астаналыққа байланысты тергеу басталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Петропавлда полицейлер Астана тұрғынын ұстап, одан жарты килограмнан астам «синтетикалық» есірткі тәркіледі. 

Петропавлда аса ірі көлемдегі есірткімен ұсталған астаналыққа байланысты тергеу басталды
Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жігіт Петропавлға синтетикалық есірткі заттарын тарату мақсатында келген. Оны құқық қорғау органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО бойынша департаменті қызметкерлері сәуір айында бірлескен іс-шара барысында ұстады.

Күдікті тұрған жалдамалы пәтерден және оның айтуымен жасырылған орындардан жалпы салмағы 0,5 килограмнан асатын ұнтақ тәрізді зат салынған орамалар тәркіленді. Сараптама олардың құрамында синтетикалық «α-PvP» және «мефедрон» есірткілері барын көрсетті. Қазір осы факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұл — биыл полицейлер тәркілеген ең ірі көлемдегі синтетикалық есірткі партиясы. Жалпы, қаңтар айынан бері облыста 139 есірткіге қатысты құқық бұзу тіркелді, оның 66-сы — сату фактілері. 40 келіден астам түрлі есірткі және психобелсенді заттар тәркіленген.

Бұған дейін СҚО-да алты тұрғын есірткі бизнесімен айналысып келгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар