Петропавлда әскери міндетін атқарып жатқан 16 сарбаз білім грантын алды
Петропавлда «Әскери міндетті 2.0» жобасы аясында бүгін 16 сарбазға өздері таңдаған жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндік беретін білім гранты салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды Kazinform.

Мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында ҚР Қорғаныс министрлігі бірқатар іс-шара жүзеге асырды, соның бірі - «Әскери міндетті 2.0» жобасы. Әскери борышын өтеген азамат осы цифрлық платформа аясында ҰБТ тапсырмай-ақ еліміздегі өзі таңдаған жоғары оқу орынында тегін білім ала алады.
Биыл жоба аясында конкурстық іріктеуге ел көлемінде 17 253 сарбаз қатысты. Олар 2022 жылғы көктем және күз мезгілдерінде әскерге шақырылғандар.

«Үміткерлердің жетістіктері мен кемшіліктері туралы барлық дерек Қорғаныс министрлігінің сайтында «Әскери міндетті 2.0» цифрлық платформасында тіркеліп, сол жерден көрсеткен нәтижелеріне байланысты іріктеліп алынды. Яғни базаға әскерге келген күннен бастап сарбаздың көрсеткен нәтижесі, қызмет атқару кезіндегі бағалары, әскери дайындықтарына балл қойылды. Жүйе автоматты түрде сарбаздардың рейтингін шығарып береді. Сонымен қатар, сарбаздардың әскери өмірдегі түрлі іс-шараларға белсенді қатысуы да ескеріледі. Кейінен барлық баллдың қорытындысы шығарылып, ең жоғары көрсеткіш көрсете білген сарбазға білім грантына сертификат табысталады», - дейді Петропавл қаласы Қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Виталий Гриб.
Петропавлдағы ҚР Ұлттық Ұланы 6637 әскери бөлімінің 16 сарбазы осындай білім грантына ие болды. Солардың бірі - Бекзат Аманжол. Ол Алматы қаласынан келіп 6637 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр. 10 ай ішінде жалпы 692 балл жинап, армандаған грантты жеңіп алды.

«Қатты қуанып тұрмын. Азаматтық борышыңды орындап, сонымен қатар жоғары оқу орнына грант жеңіп алу көпке бұйыра бермейді. Енді мен әскерден соң Атырау қаласындағы С.Өтебаев атындағы мұнай және газ университетіне инженер мамандығына оқуға түсемін деп жоспарлап отырмын. Өзім колледжді бағдарламашы мамандығы бойынша бітіргенмін», - дейді білім грантының иегері.
Мамандардың айтуынша, білім сертификаттарымен мерзімді әскери қызметтен өткен сарбаздар екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсе алады. Бұл сарбаздар сондай-ақ өзі таңдаған оқу орнындағы әскери кафедраға емтихансыз қабылданады.
«Барлығы 1,5 мың адамға грант бөлінді. Соның ішінде Ұлттық ұланға 621 орын бар. Петропавлдағы 6637 әскери бөлімінің 16 әскери қызметшісі осы грантқа лайық болды», - дейді ҚР Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлім командирінің орынбасары Мақсат Мұқаев.