Петропавлда ауа райына байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті

Ауа райының нашарлап, қар аралас жаңбырдың жаууы және температураның төмендеуіне байланысты Петропавлда коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды Kazinform.

Жол
Фото: GOV.KZ

Петропавлда кеше кешқұрым басталған боран бүгін қар аралас жаңбырға ұласты. Салдарынан көшелерде көктайғақ.

Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, түнде көшелерді механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. 

«Таңғы сағат 6:00-ден бастап жолдарға, жаяу жүргінші жолдарына, аялдамаларға құм-тұз қоспасы себілді. Орталық көшелермен қатар қаланың шеткі көшелері де қамтылады. Жұмысқа 40 арнайы техника мен 80-нен астам қызметкер жұмылдырылды. Қажеттілік туындаған жағдайда техниканың саны көбейтіледі», - дейді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Биыл Петропавлда жолдарды, жаяу жүргінші жолдарын, аялдамаларды көктайғаққа қарсы материалдармен өңдеу үшін 2200 куб құм-тұз қоспасы дайындалды.

Қысқы уақытта жолдарды күтіп ұстау ұшін 160-тан астам арнайы техника жұмылдырылатын болады.

Айта кету қажет, құбылмалы ауа-райы өңірде бірнеше күн сақталмақ.

«Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, бүгін күндіз Петропавлда 0, -1 градус аралығында болса, түнде -3,-5 градусты көрсетпек. Ертең де қар, жаңбыр жауып, күндіз сынап бағанасы -2 градусқа дейін төмендейді. Ал 1 қарашада күндіз +3 градусқа дейін жылынады. Бұл күн де жауын-шашынды болады деген болжам бар.

Соңғы жаңалықтар