Петропавлда автовокзал 400 млн теңгеге сатылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 9 ай бойы жұмыс істемеген автовокзал былтыр 9 млн теңге шығынға батты. Нысан иесі ғимаратты сатылымға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда автовокзал 400 млн теңгеге сатылып жатыр

Автовокзалдың мәселесі Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасында қаралды. Кәсіпкер Александра Сысоеваның айтуынша, былтыр 5 шілдеден бастап автовокзалдар мен тасымалдаушылардың жұмысына шектеу қойылды. Содан бері халықаралық, облысаралық жолаушылар тасымалы болмаған, кәсіпорын қиын-қыстау кезеңді өткеріп жатыр.

«Жұмыс істемегенімізге 9 ай болды. Бірақ жолаушыларды заңсыз түрде Қостанайға да, Көкшетауға да, Шортандыға да тасымалдап жатыр. Жекеменшіктер күнде біздің вокзал алаңынан адамдарды жинап алып кетеді. Олар жеңіл көлікпен емес, ашық түрде шағын автобустармен жұмыс істеп жатыр. Ал бізге әлі күнге дейін жұмыс істеуге болмайды. Біздің ресми тасымалдаушыларымыз 6 айдан бері осы қалаларға шыға алмай отыр. Салдарынан біз де зардап шегіп жатырмыз. Өткен жыл бойынша біз 9 млн теңге шығын шектік», - дейді «Петропавл автовокзалы» ЖШС директоры Александра Сысоева.


СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ольга Достлердің айтуынша, ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 25 желтоқсан 2020 жылғы № 68 қаулысы №4 қосымшасына сәйкес қалааралық, облысаралық тұрақты автобустар мен шағын автобустар өңір «жасыл» және «сары аймақта» болса 300 шақырымға дейін жүре алады.

«25 желтоқсан 2020 жылдан бастап 9 қаңтар 2021 жылға дейін СҚО да, Ақмола облысы да коронавирустың таралуы бойынша «сары аймақта» болды. Алайда Петропавл автовокзалы бұл мүмкіндікті пайдаланбады. Сондай-ақ 2020 жылдың тамызында кәсіпорын «ИнфоҚазақстан» электронды платформасы арқылы санитарлық талаптарға сай келетінін растап, жұмысын жалғастыруға рұқсат алды. Осылайша жұмысты жандандыруға республикалық деңгейде рұқсаты болса да, белгісіз себептермен іске кіріспеді.СҚО бас санитар дәрігерінің № 40 қаулысы автовокзал, автостансалардың жұмысына, қаларалық, облысаралық тасымалмен айналысуға рұқсат береді, тек қатаң шектеу шаралары енгізілген елдімекендерді есептемегенде», - дейді Ольга Достлер.


Автовокзалдың өкілдері рұқсат етілген ара қашықтықты 500 шақырымға дейін ұлғайтуды сұрады. Олар әр 2-2,5 сағат сайын жолаушылардың маскаларын ауыстыруға дайын. Сондай-ақ автокөлікті санитарлық өңдеу талаптарын да қайта қарап, тәулігіне екеуге дейін қысқарту қажет. Мұндай өзгерістер Қостанай облысына ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласына да рейсті жіберуге мүмкіндік бермек. Мәселе коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысына шығарылатын болды.

Ал автовокзал иелері жағдайдың түзелуін күтпей нысанды саудаға шығарды. OLX сайтында шыққан хабарландыруда Петропавл автовокзалы 400 млн теңгеге сатылып жатыр.

Бұған дейін пандемияға байланысты Петропавл 1,4 млрд теңге кірістен айырылғанын айтқан едік.