Петропавлда бетперде киген қарулы адам дүкен тонады

Полицияға Бейбітшілік көшесінің бойындағы сауда павильондарының біріне медициналық маска тағынған ер кісі шабуыл жасаған. Сатушыны пышақпен қорқытып, ақша мен ішімдік талап еткен. 25 мың теңге мен әйелдің ұялы телефонын қолды еткен ұры ізін суытқан. 51 жастағы жәбірленуші бірден «102» нөміріне қоңырау шалған. Жедел қызметкерлер күдіктіні Жұмабаев көшесінің бойындағы жалға берілетін пәтерлердің бірінен тапты.
Күдікті бұрын бірнеше рет сотталған 44 жасар Петропавл тұрғыны болып шықты. Өз кінәсін толықтай мойындады. Қару қолдану арқылы қарақшылық жасаған күдікті 5-жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК-нің 192-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Петропавл қалалық ІІБ уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қазіргі таңда тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жіберіледі», - деп мәлім етті Петропавл қалалық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Анатолий Мурзыканов.