Петропавлда биыл 79 бала іздестіріліп, аман табылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Тек өткен демалыс күндері тәртіп сақшылары 5 баланың жоғалуына қатысты жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бір жағдайда ерлі-зайыпты жанжалдасып, әйелі екі жас баласын алып, үйден кетіп қалған. Күйеуі полицияға хабарлауға мәжбүр болған. Тексеру барысында әйелдің облыс аудандарының біріне кеткені анықталды. Қазір бұл отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тобының бақылауына алынды.
Тағы бір шақырту 16 жастағы қызға қатысты болды. Ол анасымен ренжісіп, ескертпестен құрбысының үйіне түнеуге кеткен.
Енді бір жағдайда 6-сынып оқушысы анасынан сұранып, досының үйінде қонуға қалған. Әкесі баланың анасынан рұқсат сұрағанын білмей, полицияға жүгінген. Ата-анасы ауысыммен жұмыс істейді.
Ал Петропавл тұрғыны қоғамдық көлік аялдамасында жалғыз жүрген жасөспірімді байқап, «102»-ге хабарлаған. Полицейлер баланы қалалық полиция басқармасына жеткізді. Ол түнде туысының үйінде қонуға рұқсат алғанын, бірақ достарымен қыдырып, ойын-сауық орталығында болып, соңғы автобусқа үлгермей қалғанын айтты. Телефоны үйде қалып қойған. Таңертең полицейлер оны анасына тапсырып, әкімшілік заңнамаға сәйкес ескерту берді.
– 11 айда Петропавлда полицейлер кәмелетке толмаған 79 баланың жоғалуына байланысты іздестіру іс-шараларын жүргізді. Әр осындай жағдайда барлық қызметтер – ювеналды және патрульдік полицейлер, криминалдық полицияның жедел уәкілдері, учаскелік инспекторлар тартылады, оларды жедел басқару орталығының қызметкерлері үйлестіреді.
Сол себепті ата-аналардан балаларының бос уақытын және жүрген жерін бақылауда ұстауды, олардың әрдайым байланыс құралдары болуын қадағалауды сұраймыз. Ең бастысы – қараусыз қалдырмаңыздар. Бұл – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың негізгі себебі, - деді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Бұған дейін Ақмолада үш күн бұрын жоғалған азаматтың денесі өзен жағасынан табылғанын жазған едік.