10:30, 22 Қаңтар 2011 | GMT +5
Петропавлда болған ірі өртте бір адам мерт болып, төртеуі жарақаттанды - ТЖМ
АНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Кеше таңертеңгі сағат бесте Петропавл қаласының Набережная көшесінде орналасқан екі қабатты тұрғын үйлердің бірінде ірі өрт болды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлады.

Өртте төрт пәтер түгелімен жанып кетті, тағы екеуі зақымдалды. Онымен бірге, қабаттар арасындағы және шатыр арасындағы жабындылар құлап, оның артынша газ баллоны жарылған.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ТЖД-ның өртке қарсы қызметі оқиға орнынан 82 жастағы кейуананың мәйітін тапты. Төрт адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Құтқарушылар сондай-ақ, 20 адамды (соның ішінде 7 бала) қауіпсіз жерге көшірді. Оның 15-і «Солнечный» сауықтыру мекемесі мен «ТрансСиб» қонақ үйіне орналастырылды.
Тілсіз жаудың таралуы сағат 07.41-де тоқтатылып, 22.20-да толығымен ауыздықталды. Жалынның шарпыған жалпы аумағы 310 шаршы метрді құрады. Өрттің шығу себебі анықталу үстінде.