Петропавлда бірнеше көп қабатты үй үш күннен бері газсыз отыр

Петропавлда үш күннен бері көп қабатты үш үйдің тұрғындары көгілдір отынсыз отыр. Жүк көлігі абайсызда газ құбырын іліп кеткен, алайда енді оны қалпына келтіруге ешкім асығар емес, деп хабарлайды Kazinform.

сжиженный газ
Фото: Kazinform

Амалдары таусылған көпқабатты үйдің тұрғындары мәселені әлеуметтік желіде жариялады.

Айтуларынша, Петропавлдағы Н.Назарбаев көшесіндегі 294, 292, 290 үйлерінде жексенбіден бері газ жоқ.

«Біз газ жабдықтарында жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр екен деп ойладық. Кейін пәтерлердің біріне пластик терезе әкелген көліктің газ құбырын іліп әкеткенін білдік. Оқиға жексенбі болғандықтан, газ құбырын дер кезінде жауып, апатқа жол берілмеді.

Содан бері газсыз отырмыз, ешкім жөндер емес. Подъезде жөндеу жұмыстары аяқталғанша дейін газ берілмейді деген хабарландыру пайда болды», - дейді бейнежазба иесі.

Ал апаттық қызмет «газ құбырын бір аптаның ішінде жөнге келтіреміз» деп жауап берген.
«Біздің үйде кішкентай балалары бар және зейнеткерлер тұратын пәтерлер көп. Олардың бірен-саранында ғана электр пеші бар. Неге біз біреудің ұқыпсыздығы мен немқұрайлығынан зардап шегуіміз керек.

Бұған дейін 1,5 айдың ішінде жақын маңда спорт кешені салынып жатқандықтан үш рет судан ажыратты. Енді газсыз отырмыз.

Көрші үйдің WhatsApp тобында «кінәліні тауып, ол айыппұлды өтемейінше газ құбыры жөнделмейді деген» хабарлама тараған», - дейді Петропавл тұрғыны.
Петропавл қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрғын үйлерге 10 қарашаға дейін газ беріледі.

«5 қараша күні сағат 9.30 шамасында пластикалық терезелерді монтаждаумен айналысатын ұйымға тиесілі "Газель" автокөлігінің жүргізушісі Н.Назарбаев көшесі, 292 мекенжайындағы үйдің газ құбырын сырып өткен. Апаттық жағдайға байланысты Н.Назарбаев көшесіндегі 290, 292, 294 мекенжайлары бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерге сұйытылған газ беру тоқтатылды.
Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізілуде, 8 қарашада қалпына келтіріле бастайды. Барлық жұмыс 10 қарашада аяқталуы тиіс. Кейін тұрғын үйлерге газ беріле бастайды», - делінген жауапта. 

Соңғы жаңалықтар