Петропавлда бүгіннен бастап жылыту маусымы аяқталды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 25 сәуірден бастап жылыту маусымы аяқталды. Қала әкімі Руслан Аңбаев тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін жылыту маусымы ресми аяқталғанымен бұл процесс кезең-кезеңімен жүргізіліп, шамамен 10 күнге созылады.

Ең бірінші кезекте жылудан көпқабатты үйлер ажыратылмақ. Балабақшалар, білім беру ұйымдары мен медициналық мекемелерге кезек кейін жетеді.

Жылыту маусымын аяқтау бойынша шешім ауа райының тұрақталуына байланысты қабылданады.

Ол үшін орташа тәуліктік температура 3 күн бойы +10 градустан төмен болмауы тиіс.

«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, Петропавлда алдағы үш күнде ауа температурасы +23 градусқа дейін жылынбақ. Жауын-шашын күтілмейді.

Бұған дейін Петропавлдың дизайн-коды әзірленетінін айтқан едік. Бұл мақсатқа бюджеттен 81 млн теңге бөлінді.

Қала әкімі Руслан Аңбаевтың айтуынша, бұл – шаһардың сәулеттік келбеті мен эстетикалық көрінісін жетілдіру жөніндегі ережелер мен ұсынымдардың жиынтығы болады.

Тарихи нысандарға бай қаланың осы ерекшелігін сақтап қалу үшін алда бой көтеретін нысандардың үйлесімді болуына мән берілмек.

Руслан Аңбаев қала тұрғындарын дизайн-кодты бірлесе әзіреуге шақырды.


Соңғы жаңалықтар