Петропавлда дәрігерлер жас жігіттің жүрегінен темір тікенді алып шықты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда жол-көлік апатында жарақаттанған жігітті дәрігерлер аман алып қалды. Ота барысында оның жүрегінде темір тікен тұрғандығы анықталған.

Петропавлда дәрігерлер 22 жастағы жігіттің жүрегінен темір затты алып, аман алып қалды
Фото: Петропавл көпбейінді қалалық ауруханасы

Петропавлдағы көпбейінді қалалық аурухананың мәліметінше, жол-көлік оқиғасында автокөліктің дөңгелегі жарылып, 22 жастағы жігіт ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Сол күнгі кезекші дәрігер-хирургтер Руслан Захаров, Алексей Дрюпин, анестезиолог Эльдар Рамазанов бірден ота жасауға кірісіп, науқастың өмірі үшін күресті бастайды. 

Петропавлда дәрігерлер 22 жастағы жігіттің жүрегінен темір затты алып, аман алып қалды
Фото: Петропавл көпбейінді қалалық ауруханасы

Тексеру кезінде дәрігерлер жігіттің кеуде қуысы жарақатын көреді. Өкпесінің оң жағындағы жараны, диафрагманы, зақымданған бауырды тігеді. Алайда, көкірек бөлігінде гематома пайда болып, қарап-тексеру кезінде жүректің жарақаттанғаны анықталды. Нәтижесінде дәрігерлер жүрек ішінен дөңгелектің темір тікенін тауып алып, жараларды тікті. Осылайша, операция шамамен 2 сағатқа созылды. Науқас бір литр қан жоғалтты. 

Жансақтау бөлімінде бес күн жатқан науқас кейін өздігінен тыныс алып, жағдайы тұрақтанды. Жағдайы жақсарғаннан кейін үйіне жіберілді. 

— Мен бастапқыда не болғанын түсінбедім, тек ауырсынып, от қарығандай болды. Бірнеше күннен кейін ғана, есімді жинағасын өлім аузынан қалғанымды түсіндім, — дейді жігіт.

Бұған дейін СҚО-да қашып жүрген сотталған орманда жеркепеде жасырынғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар