Петропавлда дүкенге қарулы шабуыл жасағандар ұсталды
Қылмыс шамамен таңғы сағат 5-те болған. Дүкенде орнатылған бақылау камераларына бетперде киіп қаруланған екі азаматтың дүкенге кіріп, күзетшіге тапанша кезеніп шығарып, кассадағы ақшаны алып, белгісіз бағытта іздерін жасырғаны түсіп қалған.
Үрейленген күзетші мен сатушы шабуыл жасаушылар жайлы ешқандай ақпарат бере алмады. Қаруланған қылмыскерлер бетперде киген және өте ұйымшылдықпен әрекет еткен. Полиция шабуыл жасаушыларды ұстады. Олар Петропавлдың бұған дейін сотталмаған 1993 және 1998 жылы туған екі тұрғыны болып шықты. Тергеу амалдары барысында заттай айғақтар табылып, тәркіленді: пышақ, қолғаптар, бетперде және күзетшінің тапаншасы. Тонауға арналған жарақтарды жас жігіттер алдын ала қаланың әр ауданындағы сауда үйлерінен сатып алған.
Тәулік бойы істейтін азық-түлік дүкенін тонау туралы шешім оның қала шетінде орналасқанымен байланысты қабылданған. Ұсталғандар өз кінәларын толықтай мойындап отыр. Қазіргі уақытта екеуі де қамауға алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабында көзделген «Тонаушылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталғандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.