20:23, 02 Тамыз 2017 | GMT +5
Петропавлда джип жардан өзенге құлап кетті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желі пайдаланушылары бүгін автомобиль қоршауды бұзып, бөгет тұсында Есіл өзеніне түсіп кеткені туралы видео жариялады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-де 1 тамызда түнгі екілер шамасында полицияға Петропавл гидроторабына жақын жерде жардан Есіл өзеніне көлік құлап кеткені туралы хабарлама түскенін растады. Оқиға орнына Петропавл қаласы полиция бөлімінің 1 тергеу-жедел тобының қызметкерлері барған.
«Анықтау барысында Honda CR-V маркалы көлік түнгі уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан электриктердің біріне тиесілі екені белгілі болды. Жұмыс істеп жатып олар тоқтап тұрған көліктің өздігінен өзен жаққа жылжып бара жатқанын байқайды. Олар жүгіріп барып, тоқтатуға үлгермей қалған. Салдарынан көлік қоршауды бұзып, өзенге құлап кеткен. Келесі күні зақымданған көлікті судан алып шықты», - деді облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.