Петропавлда екі көлік жеке тұрғын үйге соқтығысты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы Жұмысшы кентінде үш күн ішінде екі жол-көлік оқиғасы болып, екі көлік жеке тұрғын үйге кіріп кетті.
Алғашқы жол-көлік оқиғасы 12 ақпанда Панфилов көшесінде болды.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, КАМАЗ жүк көлігінің 64 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, тұрғын үйдің қабырғасына соғылған.
— Зардап шеккендер жоқ. Жүргізуші мас болмаған. Оған қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзу, мүлікке залал келтіру фактісі бойынша әкімшілік материал жиналды, — делінген хабарламада.

Екінші жағдай 14 ақпанда осы Жұмысшы кентіндегі Украинская көшесінде тіркелді.
Алдын ала деректер бойынша, Subaru Legacy автокөлігі тұрғын үйге соғылып, ішіне жартылай кіріп кеткен. Жүргізуші медициналық көмекке жүгінді. Басқа зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Бұған дейін Шымкентте автобус жүргізушісі жеңіл көлікті қасақана қаққанын жазған едік.