Петропавлда халықаралық талаптарға сай мұз аренасы салынып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін мұз аренасы құрылысы жүріп жатыр. 

Петропавлдағы мұз арена
Фото: СҚО әкімдігі

Спорт нысаны «Береке» шағын орталығындағы Қизатов көшесінде орналасады. Сұз аренасында 400 метрлік конькимен жүгіру жолы, екі хоккей корты және керлинг алаңдары қарастырылған. Жанынан 50 метрлік олимпиадалық жүзу бассейні, жекпе-жек, көркем гимнастика, волейбол, баскетбол және фитнес залдары бар әмбебап спорт кешені бой көтереді.

Петропавлдағы мұз арена
Фото: СҚО әкімдігі

— Өңірде халықаралық стандарттарға сай спорт және әлеуметтік нысандар салу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтыр пайдалануға берілген үстел теннисі орталығы заманауи талаптарға толық сай келеді. Сонымен қатар, «Қарасай» стадионы УЕФА стандарттарына сәйкес қайта жаңғыртылған, — деді нысанның құрылыс барысын көрген Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Петропавлдағы мұз арена
Фото: СҚО әкімдігі

Өңір басшысының айтуынша, әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. «Береке» шағын ауданында жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін жайлы мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Ал «Жас Өркен» шағын ауданында балабақша құрылысы қарқын алған. Жұмысшы кентінде жол өткелінің және «Берекедегі» Малая көшесінің жол құрылысы барысы бақылауға алынған. Барлық мердігер ұйымдарға жұмыстардың сапалы және мерзімінде аяқтау талабы қойылды.

Петропавлдағы мұз арена құрылысы
Фото: СҚО әкімдігі

Бұған дейін СҚО-да былтыр 14 мектептің жабылып, биыл тағы жетеуі жұмысын тоқтататынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар