Петропавлда із-түзсіз жоғалған 15 жастағы бала аман-есен табылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда әлеуметтік желі арқылы іздеу жарияланған 15 жасар жасөспірім полицейлердің көмегімен аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда із-түзсіз жоғалған 15 жастағы бала аман-есен табылды

Петропавлда әлеуметтік желідегі жергілікті пабликтерде 2006 жылы туған жасөспірімнің жоғалғандығы туралы жазба тарады.

«Жасөспірім Шухов көшесінде тұрады, алайда бүгін түнде Мұқанов көшесі, 54 мекенжайында орналасқан «Донерная» мекемесінен жұмыстан шығып, белгісіз жаққа кеткен. Бала байланысқа шықпайды, ұзақ уақыттан бері хабар жоқ», - делінген жазбада.

Полицейлер іздеу жарияланған баланы аман-есен тапты.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тамыздың 9-ы сағат 07.11-де полицияға 15 жасар ер баланың түнде жоғалғаны туралы хабарлама түсті. Өгей әкесінің шаруасына көмектескенен кейін жоғалып кеткен. Отбасының астанадан Петропавлға көшіп келгеніне екі аптадай болыпты.

Жасөспірімді іздеуге ювеналдық полиция бөлімінің жеке құрамы түгел, криминалдық полицияның жедел уәкілдері, волонтерлер жұмылдырылды.

Танымал қалалық пабликтердің әкімгерлері де іздеуге өз еріктерімен қосылды, олар Instagram және ВКонтакте ленталарында фотобағдарлар жариялады.

Нәтижесінде, бүгін сағат 15.30-да баланы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері және аға жедел уәкілдер аман-есен тапты. Бала жоғалған жерге жақын маңдағы көпқабатты үйлердің бірінің подъезінде болған. Барлық мән-жайды анықтау және профилактикалық әңгіме жүргізу үшін жасөспірім заңды өкілдерімен бірге ювеналдық полиция бөлімшесіне жеткізілді.

СҚО-да жыл басынан полицейлер із-түзсіз жоғалған 70 жасөспірімді іздеп тапты.