Петропавлда Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше форматта аталып өтпек
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда биыл Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлауда қалыптасқан форматтан ауытқып, ән-биден бас тартпақ.

Петропавл қаласы әкімдігінің мәліметінше, енгізілген төтенше жағдай режиміне және су тасқынына байланысты облыс орталығында жалпы қалалық сенбілік өтеді. Бұл - Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасы.
«Таза Қазақстан» акциясы 1 мамырда тұрғындардың басын біріктіріп, бұл күн еңбек және тазалық атмосферасында өтпек.
Жергілікті билік өкілдері қалалықтарды өз аулаларын тазалауға шақырды.
Сондай-ақ, су басқан аудандарда да тазарту өткізіледі.
Петропавлда тасқын судың беті қайтты, Есіл өзені суының деңгейі түсіп жатыр. Мәселен Сергеев су қоймасында өткен тәулікте су деңгейі 89 см-ге, Петропавлда 19 см-ге түсті. Су кеткен жерлерде қоқыстан аяқ алып жүргісіз.
Бұған дейін су тасқынына қарсы іс-шараларда елімізде 50 мыңнан астам волонтер жұмыс істегенін айтқан едік.