Петропавлда кей мектептерде жасанды интеллект қолданылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда мектеп ұстаздары заман ағымынан қалмай, жаңа технологияны өз сабақтарына енгізіп жатыр. Жасанды интеллектіні білім беруде қолданып жүрген мұғалімнің бірі — Екатерина Стаценко.

ұстаз
Фото: Анатолий Белоног

Жас ұстаз Петропавлдағы № 9 орта мектепте бастауыш сыныпта сабақ береді.

Екатерина Стаценконың айтуынша, нейрожелі оның жұмысын біршама жеңілдеткен. Оқыту материалдарын жасанды интеллектінің көмегімен әр оқушының ерекшелігін ескеріп, бейімдеуге болады.

Соның ішінде балаларға өзіндік жұмыс ретінде таратылатын карталардың бүкіл мазмұнын құрастырып береді. Бұл — білімді тез ұғуға және баланың оқуға деген қызығушылығын жоғалтпауға сеп. 

«Мектепте жұмыс істеп жатқаныма 5 жыл. Сондай-ақ екі жылдан бері директордың ғылыми-әдістеме жұмысы жөнінен орынбасарымын. Сабағымды қызықты етіп өткізуге тырысамын, сондықтан соңғы кезде жасанды интеллектіні жиі қолданып жүрмін. Мысалы, оқушы өлеңді жақсы түсінуі үшін нейрожелінің көмегімен оған суреттеме жасалады. Жасанды интеллектіні тек әдебиет сабағында ғана емес, басқа пәндерге де қолданамын. Бірақ, балаларға бермес бұрын тексеріп, кейде аздап түзетіп жатамын. Өйткені нейрожелі де кейде орфографиялық қателіктер жібереді, кейде баланың жасын ескермейді. Біз оқитын бағдарламаға сәйкес келмейтін кездер де болады», — дейді бастауыш сынып мұғалімі.

а
Фото: Анатолий Белоног

Ұстаздың айтуынша, жасанды интеллект мұғалімді толық алмастыра алмайды. Өйткені ұстаз — оқушыға білім беріп қана қоймай, психологтың, тәрбиешінің, кейде сырлас достың рөлін қатар атқарады. 

«Баланы жақсы көрмейтін адам мұғалім бола алмайды. Мен үшін алдымдағы әр оқушымның орны бөлек. Нейрожеліні қолдану арқылы олардың сабаққа деген қызығушылығы артты, ертең не болар екен деп мектепке асығып тұратын болды», — дейді ұстаз. 

Екатерина Стаценко мамандықтың шыңына жету үшін үнемі ізденісте болу керек деген пікірде. 

«Жасанды интеллект туралы қазір ақпарат көп, бастапқыда өзім интернетте қолжетімді ақпаратпен танысып, қолданып үйрендім. Кейін өз сабақтарында осы нейрожеліні қолданып жүрген ұстаздардың вебинарларына қатыстым. Әлі де үйренерім көп», — дейді бастауыш сынып мұғалімі Екатерина Стаценко. 

мұғалім
Фото: Анатолий Белоног

Айта кетейік, 5 қазанда Қазақстанда ұстаздар күні аталып өтеді. 

Былтыр алғаш рет Мұғалімдер күні мерекесі 5 қазанда мерекеленді. Тиісті қаулыны ҚР Үкіметі биыл 10 наурызда қабылдаған болатын еді.

Мемлекеттік мерекелер тізіміне сәйкес, осы уақытқа дейін республикада Мұғалімдер күні қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді.

Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.

Соңғы жаңалықтар