Петропавлда «Қызылжар» ФК бұрынғы бас бухгалтеріне сот үкімі шықты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы бас бухгалтері, 63 жастағы Ольга Замелацкаяға сот үкімі шығып, ол 7,6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айыптаушы тараптың нұсқасына сәйкес, ол 2023 жылдан бастап жалған құжаттар жасау арқылы қаржылық заңбұзушылықтарға жол берген. Замелацкая Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 189-бап, 4-бөлім, 2-тармағы және 245 баптың 3-бөлімі бойынша айыпталды. Яғни сеніп тапсырған мүлкін заңсыз иемденіп, мемлекетке немесе ұйымға өте ірі көлемде зиян келтіру және салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару.
Осы қылмыстық іске қатысты сот отырысы былтыр шілде айында басталған еді. Петропавл қалалық соты Замелацкаяны кінәлі деп тауып, ешқайда кетпеу туралы қолхатты сот залынан қамауға алу жазасына ауыстырды.
Сот үкімі бойынша футбол клубының бұрынғы бас бухгалтері енді алдағы 7 жыл 6 айын Қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өткізеді. Сондай-ақ оны коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда материалдық жауапкершілігі бар және басқаратын лауазымдарға орналасу құқығынан 7 жылға айырды.
Бұдан бөлек сотталушыдан «Футбольный клуб „Қызыл-Жар СК“ ЖШС-не 67 млн 225 мың теңге материалдық шығын өндіріледі. Бұған қосымша футбол клубы өкілінің адвокат үшін шығыны — 3 млн теңге және Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне 287 млн 163 мың теңге материалдық шығын өндіріледі. Сондай-ақ 10 млн 721 мың теңге мемлекеттік баж салығын қайтаруы тиіс.
Естеріңізге салайық, Петропавлда «Қызылжар» футбол клубының басшылығы мен футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиев арасындағы дау-дамай сотқа дейін жеткен еді.