Петропавлда қоғамдық көліктің жолақысы қымбаттады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда қоғамдық автобустың билеті қымбаттады. Жаңа тариф карточкамен есеп айырысқан жағдайда 100 теңге, қолма-қол ақшамен 170 теңге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, бүгін қалалық мәслихат депутаттары кезектен тыс өткен 7-ші сессияда қоғамдық көлікте жол жүрудің жаңа тарифтерін бекітті.

«Тарифті көтеру жөніндегі жұмыс былтыр қараша айынан бастап қолға алынды. Петропавлда соңғы рет 2017 жылы қоғамдық көліктің билеті қымбаттады, содан бері 6,5 жыл өткен екен. Осы аралықта үлкен инфляция болды, жанар-жағармай қымбаттады, жүргізушілердің еңбекақысы өсті, басқа да шығындар көбейді. Мәселен дизель отынының литрі 124 теңге болса, қазір 290 теңге, ал қыста тіптен қымбаттайды. Осыған орай жолаушы тасымалдаушылар әкімдікке ұсыныспен келді. Бізде тарифтерді қарайтын ведомствоаралық комиссия бар, кәсіпкерлердің ұсынысы бірнеше рет жиында қаралды», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров.

Қазір ол карточкамен есеп айырысқанда 80 теңге, қолма-қол ақшамен төлеген уақытта 130 теңге тұрды. Жаңа тариф карточкамен есеп айырысқан жағдайда 100 теңге, қолма-қол ақшамен 170 теңге болмақ. Ал балалар билеті 50% арзан.

«Жаңа тарифтер шамамен екі аптаның ішінде енгізіледі, өйткені мәслихат қаулысы тиісті заң рәсімдерінен өтуі керек.

Бағаны қалыптастыруға бірнеше фактор әсер етеді. 2021 жылдан бастап әлеуметтік маңызы зор деп танылғандықтан жолаушылар тасымалына субсидия бере бастадық. Қазір тарифті қымбаттатқаннан түскен қаржы олардың бар шығынын жаба алмайды. Сол себепті әкімдік әлі де субсидия бөлетін болады.

Күнде Петропавл көшелеріне 185 автобус 18 бағыт бойынша шығады. Бұрын 19 бағыт болған, біз оңтайландырдық, бұл жұмыс әлі жалғасады», - дейді Әділбек Әубәкіров.

Орта есеппен Петропавлда 56-75 мың адам қоғамдық көлікті пайдаланады.


Соңғы жаңалықтар