Петропавлда көлік қаққан 86 жастағы кейуана оқиға орнында көз жұмды

Жол-көлік оқиғасының бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.
Куәгерлердің айтуынша, жүргінші автокөліктің алдынан атып шығып, жүргізушісі көлікті тежеп үлгермеген.
Бұл оқиға жайында Солтүстік Қазақстан облыстық полициясы баспасөз қызметі түсінік берді.
14 қыркүйек күні сағат 14:48 шамасында Петропавл қаласының 60 жастағы тұрғыны Интернациональная көшесінде Mitsubishi Montero Sport автокөлігін басқарып келе жатып, алдын ала болжам бойынша жолдың рұқсат етілмеген жерінен өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 86 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды.
«Қазіргі уақытта Петропавл қаласы полиция басқармасының қызметкерлері қажетті сараптамалар тағайындау және түпкілікті процестік шешім қабылдау үшін материал жинап жатыр. Анықтау жұмыстары жүргізіледі», - делінген баспасөз хабарламасында.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін СҚО орталығы Петропавлда екі жыл бұрын жөнделген көпір қайта қирап жатқанын хабарлаған едік.
Петропавл мен Жұмысшы кентін қосатын автомобиль көпірін жөндеу қажет.
Екі жыл бұрын орташа жөндеуден өткен нысанда қайтадан жарықтар пайда болып, асфальті ойылып қалған.