Петропавлда көне шырша ойыншықтарының көрмесі өтіп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда жаңа жыл мерекесі қарсаңында көне шырша ойыншықтарының көрмесі өтіп жатыр. Келушілер назарына Аяз атаның ғана 130-дан астам түрі ұсынылған.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ерекше көрмені ботаникалық бақта тамашалауға болады. Коллекцияның бір бөлігі, осы оранжереяның негізін қалаушы Рязаповтар отбасына тиесілі.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Менің балалық шағымның ойыншықтары. Сол себепті де маған өте қымбат. Мынау ГДР-де, шамамен 1970 жылы жасалған шырша да өткен күннің белгісі, біз оны кішкентай кезімізде сиқырлы деп ойлайтынбыз. Өйткені астындағы май шамдарды жаққанда айналып, сыңғырлайтын. Ол ата-әжемнің үйінде сақталды. Қонаққа келгенде қасынан шықпай тамашалайтынбыз. Кейін, өскенде білдік қой, физика заңына байланысты айналатынын, — дейді ботаникалық бақтың директоры Артур Рязапов. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Коллекцияда шыршаның ұшар басына ілетін жұлдызшалар да бар. Оның бірі — қаңылтырдан жасалса, енді біріне стеклярус қолданылған. 

— Еуропада шыршалардың басына бант, сүмбі тақса, бізде үнемі жұлдызша ілетін. Ол күш-қуаттың белгісі. Сол себепті әлі де күштік құрылымдардың кейбірінің нышандарында осы белгіні көруге болады, — дейді Артур Рязапов. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Көрмеде 1930 жылы шығарылған бес тармақты жұлдыз да тұр. Ол «Москабель» кәсіпорнының өнімі.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Радиотехника мен кабель жасауға мамандандырылған зауыт қалдықтардан осындай түрлі шырша ойыншықтарын жасаған екен.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Анна Ляшенко ботаникалық бақтың қызметкері, түрлі көне бұйымдарды жинау оның сүйікті ісі. 

Қаз-қатар тізілген, ұзын-қысқалы, ұзын саны қазір 130-дан асатын Аяз аталардың мүсіншелерін ол жиырма жыл жинаған екен. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Аяз аталарды балам туғаннан кейін жинай бастадым. Шырша құрғаннан кейін астына менің балалық шағымда болған Аяз атаны қойғым келді, осылайша бірінші мүсінше пайда болды. Кейбірін сатып аламын, енді бірін туған-туыс, таныстар сыйлайды. Қоқысқа лақтырып тастаған жерінен тауып әкеліп, жөнге келтірген кездерім болды. Олар әртүрлі материалдан жасалған: гипс, пенопласт, капрон, пластик, пресстелген картон, мақта, ағаш және т. б. Тағы бір ерекшелігі, қазіргілермен салыстырғанда өте мықты жасалған. Аяз аталардың бір бөлігі Беларусьтің «Луч» фабрикасынан шыққан, Алматыдағы Калинин фабрикасында және Украинада жасалғандары да бар. Олар бір-біріне ұқсамайды, киімі, формасы, бет-әлпетімен ерекшеленеді, мысалы беларусьтік Аяз аталардың беттері қып-қызыл болып тұрады, — дейді Анна Ляшенко.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Коллекционердің арманы — Аяз аталардың сирек кездесетін түрлерін қолға түсіру, оның біреуі кемінде 200 мың теңге тұрады. 

Ал жаңажылдық ойыншықтар көрмесі Петропавлда 15 қаңтарға дейін жұмыс істемек. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бұған дейін СҚО-да елді мекендер арасында үйлерін жаңажылдық безендіруден байқау өтіп жатқанын жазған едік.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform
а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар