Петропавлда құны 5,3 млрд теңге болатын көпір салынып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда облыс орталығы мен Жұмысшы кентін қосатын жаңа көпір салынып жатыр. Жоспар бойынша теміржолдың үсті арқылы өтетін бұл өткел келесі жылы пайдалануға берілмек.

Көпір құрылысы
Фото: СҚО әкімдігі

Солтүстік Қазақстан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаны жүзеге асыру көлік ағынын басқа бағытпен жіберіп, Жұмысшы кентіндегі қазіргі жол өткеліндегі көлік ағынын азайтуға және қажет болған жағдайда тұрғындарға қолайсыздық туғызбай, жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. 

«Көпір құрылысына бюджеттен 5,3 млрд теңге қарастырылған, оның 80% мердігерге берілді. Жыл соңына дейін көпір мен кіреберіс жолдарды, соңғы және аралық тіректерді, аралық құрылымды салуды, монолитті жабын плитасын орнатуды және инженерлік желілерді ауыстыруды аяқтауы керек. Келесі жылға асфальт-бетон жамылғысын төсеу қалады. Мердігерге және тиісті басшыларға құрылыс кестесін қатаң сақтап, барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырдым», - деп жазды СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында

Сондай-ақ, СҚО әкімі Петропавл қаласындағы аулаларды ретке келтіру жұмыстарының барысын тексерді. Облыс орталығындағы 596 ауланың 254-і жаңартуды қажет етеді.

«Биыл 60 аула жөнге келтіріледі. Әр аулада ойын және спорт алаңдары орнатылып, асфальт төсеу және абаттандыру жүргізіледі. 5 жыл ішінде жөндеуді қажет ететін барлық аулаларды ретке келтіруді жоспарлап отырмыз», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Бұған дейін Петропавлда 3,2 млрд теңгеге үстел теннисі орталығы салынып жатқанын айтқан едік.