Петропавлда құрылысқа рұқсат құжаттарды негізсіз бермегендер жазаланды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдың бірнеше тұрғыны әкімдіктен құрылысқа қажетті құжаттарды ала алмай, мәселе мемлекеттік органның араласуынан кейін шешілді.

а
Фото: Алматы облысы әкімдігі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Дархан Хайруллиннің айтуынша, тұрғындар қолданыстағы тұрғын үйлердің жекелеген бөліктерін қайта жаңғырту және қайта жоспарлау үшін сәулет-жоспарлау тапсырмасын алуға өтініш берген. Алайда Петропавл қаласы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі өтініштерді қанағаттандырудан бас тартқан. Мамандар мекенжай бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының жоқтығына байланысты құрылыс пен реконструкциялау мүмкін емес деп шешім шығарған.

— Бұл заңсыз шешім. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің түсіндірмесіне сәйкес, қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстардың жекелеген бөліктерін салу және реконструкциялау үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы талап етілмейді. Тексеру қорытындысы бойынша өтініш иелерінің құқықтары қалпына келтіріліп, оларға құрылыс пен реконструкция жүргізуге қажетті сәулет-жоспарлау тапсырмалары берілді, — дейді Дархан Хайруллин.

Ал мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартқан жауапты лауазымды тұлғалар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, жыл басынан бері СҚО-да осылайша сегіз адамның құқығы қорғалды. Мамандардың айтуынша, егер мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты сұрақтар немесе ұсыныстар туындаса, азаматтар «е-Өтініш» жүйесі немесе Telegram желісіндегі EgovKzBot2.0 сервисі арқылы жүгінуге болады. 

Бұған дейін СҚО-да мемқызметшілердің еңбек құқығы бұзылып келгенін жазған едік.