Петропавлда Мағжан Жұмабаевтың көзі тірісінде жарық көрген кітабы көрмеге қойылды

Көрмеге облыстағы барлық ауданнан экспонаттар қойылды. Олардың арасында тарихи құжаттар, халық шығармашылығы бұйымдары, киелі мекендердің макеттері, т.б. болды. Сондай-ақ көрме аясында құмыра жасау және саз илеу өнері бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.
«Әрбір аудан қай бағытта жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихи құндылықтар мен ұлттық кодты сақтап қалуға бағытталған. Әр аудан дербес жоба әзірлеп, ауқымды жұмыстар атқарды. Көрмеде ол көрсетілді де. Мұнда балалардың өнер туындылары да, қолданбалы өнер үлгілері де, тарихи құжаттар да бар», - дейді «Абылайханның резиденциясы» музей кешені директорының орынбасары Әсемгүл Қыдбекова.
М. Жұмабаев ауданы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Серік Жұмағұлов жергілікті музейде Мағжан Жұмабаевтың көзі тірісінде жарық көрген кітабы да бар екенін айтты.
«Бұл біздің аудандағы ақынның жалғыз кітабы. Ол төңкеріске дейін араб жазуымен басып шығарылған. Мағжан Жұмабаевтың 1924 жылы шыққан «Педагогика» кітабының дизайнерлік көшірмесі бар. Оның түпнұсқасы Түркістанда сақтаулы. Тағы бір тамаша экспонатымыз бар, ол - ақын Мағжанның латын графикасымен жазылып, Түркияда баспа бетін көрген кітабы», - дейді Серік Жұмағұлов.
Аудандық музейден ауыл адамдарының латын графикасымен жазылған құжаттары да табылған. Олар да көрмеге қойылды.
Еске сала кетсек, тамыз айында облыстық көрмеде Мағжан Жұмабаевтың бұрын құпия болған қолжазбалары да жұртшылыққа ұсынылған болатын.