Петропавлда өрт сөндірушілер баспаналы болды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда өрт сөндіру қызметінің үш маманына жаңа пәтерлердің кілттері табысталды.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің өрт сөндірушілері алғаш жаңадан салынған көпқабатты үйден баспаналы болып отыр.
- Пәтерлер 19-шы шағын ауданда орналасқан. Жақсы жағдай жасалған екі бөлмелі пәтерлер. Бұл біздің қызмет үшін аса маңызды оқиға. Шұғыл әрекет ететін мамандардың тұрмыс жағдайын жақсарту бойынша мемлекеттік саясаттың іске асып жатқандығының көрінісі, - деді пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыс еткен департамент бастығы Жомарт Асқаров.
Өрт сөндірушілерге берілген пәтерлер – қызметтік үй болып есептеледі. Баспаналы болғандардың ішінде көпбалалы отбасылар да бар.
- Өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға ыңғайлы тұрмыстық жағдай жасау ведомствоның алға қойған басымдықтарының бірі. Бұл басын үнемі қауіп-қатерге тігетін қызметкерлердің кәсіби рухын көтеруге көмектеседі, - дейді Жомарт Асқаров.
Бұған дейін СҚО-да кәсіпкерлерді бопсалап келген екі блогерге сот үкімі шыққанын жазған едік.