Петропавлда полицей қарияны өрттен аман алып қалды
ПЕТРОПАВЛ. Қазақпарат - Сержант Сұлтан Қуанышев басын қатерге тігіп, 73 жастағы Петропавл тұрғынын өрттен аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тәртіп сақшысы өзінің бұл әрекеті туралы ешкімге айтпаған. Алайда, СҚО ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл оқиға жайлы видеожетон материалдарынан мәлім болған.
Жол-патрульдік полиция қызметкері өзінің әріптесі, сержант Руслан Матеновпен бірге Петропавлдың 19 шағынауданында қызметін атқарып жүрген. Хромзауыт маңында өрт боллып жатыр деген хабарды алысымен олар оқиға орнына жеткен. Сақшылар келгенде өртеніп жатқан үйдің көршісі егде жастағы ер адамның іште қалғанын айтқан.
«Руслан үйдің жан-жағын тексеріп жүрген кезде Сұлтан Қуанышев ішке енген. Дауыстап шақырғанымен, оған ешкім жауап бермеген. Қою түтіннің кесірінен адамның бар-жоғы көрінбеген. Сол кезде полицей терезені ашып, еңбектей жүріп қарияны іздей бастаған. Сәлден соң үй иесін еденде ес-түссіз жатқан жерінен тапқан», деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметінен.
Дәрігерлер қарияның өмірін сақтап қалу үшін бірнеше күн арпалысқан.
«Көп рахмет! Шынымды айтсам, ол сауығып кетеді деген үміт аз болды. 8 күн жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатты», - дейді зейнеткердің зайыбы Галина Махметова.