Петропавлдағы ірі өрт. 35 полицей оқиға орнын қоршауға алды

АСТАНА. KAZINFORM — Оқиға орнына бірден 11 автопатруль, 35 полиция қызметкері барған.

өрт
Фото: Polisia.kz

ІІМ мәліметінше, 10 қаңтар күні таңертең полицияға «Рахат» сауда үйі өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. 

— Оқиға орнына алғашқы болып жеткен патрульдік полиция батальонының экипажы қою түтін туралы хабарлап, қосымша көмек жіберуді сұрады. Бұл жерге бірден 11 автопатруль, 35 полиция қызметкері жіберілді, — делінген хабарламада.

Петропавлдағы өрт
Фото: Polisia.kz

Тәртіп сақшылары өрт сөндіру техникасының еркін өтуін қамтамасыз етіп, оқиға орнын қоршауға алған.

— Сондай-ақ сауда үйі жапсарлас орналасқан 9 қабатты үйдің төрт подъезінің екеуіндегі тұрғындарды эвакуациялауға көмектесті. Полиция автобусы 30 адамды қабылдады, оның ішінде қою түтін жайлаған үйден шығарылған балалар да бар. Сонымен қатар жылжымалы эвакопункт ретінде патрульдік көліктер, ТЖД-ның екі көлігі және екі жолаушылар автобусы пайдаланылды. Қазіргі уақытта шұғыл қызметтердің жұмысы жалғасып жатыр. Патрульдік полиция мен учаскелік полиция инспекторлары аумақты қоршап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. Азаматтарды қызметкерлердің жұмысына кедергі келтірмеуге және сурет үшін өмірлерін қатерге тікпеуге шақырамыз! , — деп ескертті ведомство.

Еске салсақ, бүгін Петропавлда азық-түлік дүкенінен өрт шығып, 68 адам эвакуацияланғанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар