Петропавлда референдум күні 300-ге жуық тәртіп сақшысы кезекшілік атқарады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері 9 қазанға дейін күшейтілген режимде қызмет атқарады.

Тәртіп сақшылары
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда 97 референдум учаскесінде қоғамдық қауіпсіздікті қалалық полиция басқармасы мен облыстық полиция департаментінің 300-ге жуық қызметкері қамтамасыз етеді. Тәртіп сақшылары ауысыммен қызмет атқармақ.

Ведомство бастығы Айдын Қабдұлдинов республикалық референдумды дайындау және өткізу кезеңінде кезекшілікке түсетін полиция қызметкерлерін жинады. Оларға нұсқау берілді, учаскелердегі жедел жағдай баяндалды. Алдағы күндерге тәртіп сақшыларының алдына қойылған міндеттерді жеткізді.

Содан кейін ол қызметкерлердің сыртқы келбетін, жабдықтауды, құжаттарды, бейнетіркегіштерді тексерді.

Естеріңізге салайық, Атом электр станциясын салуға қатысты референдумда СҚО-дан 375 236 адам құқығын пайдаланып, дауыс бере алады