Петропавлда сәбиді құтқарып қалған қала тұрғыны марапатталды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 2 жасар нәрестенің өмірін өлімнен арашалаған тұрғынды қала полицейлері марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Петропавл қаласының тұрғыны Дмитрий Зайцев төртінші қабаттағы пәтердің терезе жақтауына шыққан 2 жасар сәбиді құтқарған болатын. Ол балкон арқылы пәтерге кіріп, терезеден құлайын деп тұрған нәрестені түсіріп алды. Ал балаға қарауы тиіс әйел түнгі кезекшіліктен кейін ұйықтап кеткен екен.
Сәби оқиға кезінде жұмыста болған әке-шешесіне аман-есен табысталды.
«Ойлануға уақыт болған жоқ. Жоғары қабаттан төртінші қабаттағы балконға секіріп, пәтерге кірдім. Төменде адамдар көрпені жайып ұстап тұрды. Ол кезде өз қауіпсіздігім туралы ойыма да келмепті» - дейді Дмитрий.
Петропавл қалалық Полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұржан Қожағұлов Дмитрий Зайцевке алғыс хат пен қол сағатты табыс етті.
«Бірлескен әрекеттер арқылы біз тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысының тиімділігін арттырамыз. Бұдан бөлек, профилактикалық іс-шараларды өткізе отырып, азаматтардың құқықтық санасын нығайтуды да көздеп отырмыз. Азаматтардың қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысуы – олардың құқықтық тәртіп мәселелеріне қатысты белсенді көзқарастарын білдіреді», - деді Нұрлан Қожағұлов.
Биыл Петропавлда балалардың көп қабатты үйлердің терезесінен құлап қайтыс болуына қатысты екі оқыс оқиға тіркелді.