Петропавлда салық органы көз жұмған қызметкерінің жесіріне 34 млн теңге төлейді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қалалық соты мемлекеттік органды өтемақы төлеуге міндеттеді.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, салық органының қызметкері қызметтік міндетін атқару кезінде мерт болған. Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның жұбайы, кәмелетке толмаған үш баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана, мемлекеттік органға біржолғы жәрдемақы төлеу туралы өтінішпен жүгінген.
Алайда оған «қаржыландыру жоқ және басқа инстанциялармен келісу қажет» деп төлеуден бас тартылған.
Осыған байланысты әйел сотқа талап арыз беріп, 58 млн теңгеден астам сомада өтемақы төлеуді сұрады. Бұл сома марқұм жұбайының соңғы 12 айдағы табысы негізінде есептелген.
Бұл іс Петропавл қаласының №2 сотында қаралды.
Сот істі қарау барысында Қазақстан Республикасының «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заңына сүйенді. Онда:
«Егер салық органдарының лауазымды тұлғасы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан жағдайда, оның отбасына немесе асырауындағы адамдарға соңғы атқарған лауазымы бойынша он жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді», — делінген.
Бұл төлем республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Марқұмның арнайы шені немесе атағы болмағандықтан, сот бұл жағдайда жалақыны негізге алды.
Нәтижесінде талап арыз ішінара қанағаттандырылып, мемлекеттік органды марқұмның жұбайына қызметкердің он жылдық лауазымдық жалақысы негізінде есептелген 34,8 млн теңгеден астам соманы төлеуге міндеттеді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Бұған дейін СҚО-да сотталғандар кәсіпкерлік негізін меңгеріп, қаржылық сауатын арттыратындығын жазған едік.