Петропавлда сот заңсыз бой көтерген көпқабатты үйді толық бұзуға шешім шығарды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құрылысы рұқсат құжаттарсыз заңсыз жүргізілген.
Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты істі қарады. СҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы Назарбаев көшесі, 329А учаскесінде тұрғызылып жатқан нысанды бұзуды талап етті.
Басқарманың мәліметінше, жеке кәсіпкер А.Беспалов сыртқы инженерлік желілерсіз және жобалау-сметалық құжаттамасыз құрылысты жүргізген. Техникалық және авторлық қадағалау болмаған. Тиісті органды құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуді бастағаны туралы ескертпеген.
Сондай-ақ көрші үйдің тұрғындары шағымданып, құрылыстың тым жақын жүргізіліп, ара қашықтықтың 20 метрге жетпейтінін айтқан.
Тексеру кезінде ғимараттың 1–2 қабаты тұрғызылып қойғаны белгілі болды. Бұл фактілер бойынша кәсіпкер Әкімшілік кодекстің бірнеше бабы бойынша жауапқа тартылып, айыппұлдарды төлеген.
Кейін тиісті орган құрылысты тоқтатқанына қарамастан, нысанда жұмыстың жалғасып, қазандағы қайта тексеріс кезінде үйдің 4–5 қабатқа дейін көтерілгені тіркелді. Осы дерек бойынша тағы бір әкімшілік хаттама толтырылды.
Кәсіпкер өз кезегінде бастапқыда жіберілген заңбұзушылықтар тек айыппұл салуды көздейтінін, ал толық бұзу заңда қарастырылмағанын айтты. Оның сөзінше, ол барлық тиісті құжаттарды кешіктіріп болсын әзірлеген.
Сот кейін жасалған құжаттар бастапқы заңбұзушылықты жоймайды деп таныды. Нәтижесінде А.Беспалов өз қаражатына коммерциялық үй-жай мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешенін толық бұзуға міндеттелді.
Бұған дейін Алматыда жыл басынан бері 33 заңсыз құрылыс нысаны бұзылғанын жазған едік.