Петропавлда сотталғандар туберкулезге тексеріліп жатыр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда туберкулез ауруының алдын алуға бағытталған айлық аясында пробация қызметінің есебінде тұрғандар тексеріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
24 наурыз – туберкулезге қарсы дүниежүзілік күрес күні. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысында өкпе ауруын ерте бастан анықтауға бағытталған айлық жүріп жатыр. Туберкулез жұқпалы, қауіпті ауру. Алайда оны емдеуге және асқындырмай алдын алуға болады.
СҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласы пробация қызметі бөлімі мен «Сенім-Солтүстік» қоғамдық бірлестігімен келісім бар. Қоғамдық ұйым жылда пробация қызметінде есепте тұрғандарды туберкулезге тексереді. Бұл жолы да жылжымалы флюорография пробация қызметі жанында жұмыс істеді.
«Бұл, қазіргідей карантин жағдайында, өте ыңғайлы. Емханаға барып кезек күтпейді. Сотталғандар ғана емес, пробация қызметінің қызметкерлері де, тұрғындар да тексерілуге мүмкіндік алды. Акцияның маңызы зор. Қауіпті ауруды ерте сатысында анықтауға көмектеседі», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.
Бір күннің ішінде флюорографиялық скринигтен 50-ден астам сотталған өтті. Жалпы былтыр жаңадан 219 адамда туберкулез анықталса, соның 15-і осындай акция аясында ауыратынын білген.