Петропавлда тасқын кезінде істен шыққан су беретін нысан жөнделді

су
Фото: "Қызылжар су" ЖШС баспасөз қызметі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл су арнасының желідегі қысымы стандартты мәндерге жеткізіліп жатыр. Есіл өзеніндегі 1-көтергіш сорғы станциясы қайта іске қосылды.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, «Қызылжар су» ЖШС негізгі су алу көзі – Есіл өзеніндегі 1-көтергіш сорғы станциясында жұмыс аяқталды.

Су құбырын қосу нәтижесінде қалаға берілетін су көлемі ұлғайды және желідегі қысым қалыпты межеге жеткізілді. 

«Қаламыз үшін қиын-қыстау кезеңде шыдамдылық танытқан Петропавл тұрғындарына, сондай-ақ төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен жұмысын тастамаған «Қызылжар су» ЖШС-нің барлық қызметкерлеріне шексіз алғысымызды білдіреміз. Сорғы станциясын қалпына келтіруге тәулік бойы тізе бүкпей атсалысқан энергетиктердің жөндеу бригадаларын, оның ішінде олардың бастығы Евгений Мокренский мен кәріздік тазарту станциясының бастығы Андрей Новиковты ерекше атап өткіміз келеді» делінген әкімдік таратқан хабарламада.

су беру нысаны
Фото: "Қызылжар су" ЖШС баспасөз қызметі

Естеріңізге салайық, 12 сәуір күні су тасқынына орай Петропавл қаласында су беру тоқтап қалды. 

Тасқынмен келген мұз бірінші көтергіш станциясына қуат беретін электр желісінің бағандарын құлатқан еді. 

Мәселені шешу үшін балама су көздерін іздеуге тура келді.
 
Петропавлда жергілікті билік балама су көзін қосып, тұрғындарды сумен қамту мәселесін екі күн ішінде шешті. 

Соңғы жаңалықтар