Петропавлда «Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті» сабақтары өткізіліп жатыр (ФОТО)

Сабақтар облыстық мұражайда үш жыл бұрын ашылған Тұңғыш Президент залында өтуде. Ол Мемлекет басшысы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен түрлі жылдардағы қызметін қамтып көрсететін алты экспозициядан тұрады.
«ҚР Тұңғыш Президент күнін мерекелеу қарсаңында біз «Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті» тақырыбындағы мұражай сабақтарын өткізудеміз. Мектеп оқушылары мен арнайы орта және жоғары білім мекемелерінің студенттерін шақырамыз. Н.Ә.Назарбаевтың қызметі, оның оқуы, балалық шағы, еңбек жолы және саяси мансабы туралы баяндаймыз», - деп айтты Солтүстік Қазақстан облыстық тарих-өлкетану мұражайындағы тарих-экспозиция бөлімінің қызметкері Айсұлу Сәрсенова.
Экспонаттардың арасында Н.Назарбаевтың шежіресі, көрікшінің арнайы киімі, Мемлекет басшысының еңбектері, жергілікті суретші А.Шимов салған Президенттің портреті бар.
Аймақта Тұңғыш Президент күніне арналған барлығы 30-дан астам шара жоспарланған.