Петропавлда теректің мамығы жанып, 1,5 гектар аумақты өрт шалды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы саяжайлардың бірінің қасында теректің мамығы өртеніп, 1,5 га жер жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда теректің мамығы жанып, 1,5 гектар аумақты өрт шалды

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 маусым күні сағат 18.05 шамасында 101 нөміріне Петропавлдағы Заречный кентінде өрт шыққандығы туралы хабарлама түседі. Есіл өзенінің бойында, «Искра» саяжайының қасында теректің мамығы тұтанып, өрт кепкен шөпке жайылған.

Оқиға орнына №2 және №3 өрт сөндіру бөлімшелерінің жеке құрамынан 10 адам және 2 техника жұмылдырылды. 1,5 га жайылған өрт тек бір сағаттан кейін ғана толық сөндірілді.

Мамандардың айтуынша, зардап шеккендер жоқ. Келген шығын мөлшері анықталатын болады.

Бұған дейін СҚО-да терек мамығынан өрттердің жиілеп кеткенін айтқан едік.