Петропавлда ТҮКШ бөлімінің басшысына 3 млн теңге айыппұл салынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл қаласы әкімдігінің қызметкері мемлекеттік сатып алуда заң бұзушылықтарға жол берген.

ТШО, Каспий мұнай, Маңғыстаумұнайгаз және NCOC–ке қомақты сомада айыппұл салынды
Фото: Kazinform

Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы М.-ға қатысты әкімшілік істі қарады. Сотталушыға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 207-бабының 18-бөлігі (мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзу) бойынша айып тағылды.

Соттың мәліметінше, 2024 жылы бөлім басшысы мемлекеттік сатып алулар туралы сегіз шартты бір көзден тікелей шарт жасасу тәсілімен бекіткен. Алайда бұл тәсіл заңнамаға сәйкес тек ерекше жағдайларда, мысалы, төтенше жағдайдың салдарын жою кезінде ғана қолданылуы тиіс. Ал бұл шарттардың оған қатысы жоқ, олар: жарықдиодты жабдықтарды дайындау және орнату, еріген және жауын-шашын суларының сорылуы, Петропавлдағы Бірлік шағын ауданындағы тұрғын үйлерге арналған ағаш құрылымдарды орнату.

Атап айтқанда, «OLIVIN Lighting» ЖШС және «Қызылжар-су» ЖШС-мен жасалған шарттар кейін бұзылып, бұл жұмыстар мүлде орындалмаған. Нәтижесінде бөлінген қаражат бюджетке қайтарылған. Сот бұл эпизодтарды шамалы маңызды құқық бұзушылық ретінде танып, жауапты тұлғаға ауызша ескерту берумен шектелді.
Қалған алты жеке кәсіпкермен жасалған шарттар да қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы жүргізілген, бұл аудиторлық тексеру нәтижесінде расталды.
Сот М.-ны әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 3 101 280 теңге көлемінде айыппұл салды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Бұған дейін СҚО-да әкімшілік құқық бұзу бойынша көрсетілім сот процестері өткізіліп жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар