Петропавлда тура оқу жылы басталғанда жергілікті университет ғимараты апатты деп танылды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдағы жалғыз университет жаңа оқу жылында бір ғимаратын жабуға мәжбүр. Апатты деп танылған нысанды жөнге келтіруге, алдын ала есеп бойынша 1 млрд теңгеден астам қаражат керек екен.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректор Ербол Исақаев осыған қатысты түсінік берді.
«Университеттің өз инфрақұрылымы бар. Ол — оқу корпустары, жатақханалар, бассейн, обсерватория. Биыл оқу орнының үшінші корпусын — Тіл және әдебиет институтының ғимаратын жабуға тура келді. Мұнда оқитын студенттер мен оқытушыларды басқаларына бөліп орналастырдық. Екі жыл бұрын ғимараттың жай-күйін білу үшін сараптама жүргіздік. Оны жүргізген компанияның қорытындысы бойынша нысанның іргетасы, жабыны бұзылып жатыр. Осыған байланысты қауіпсіздік мақсатында ғимаратты жаптық. Тағы да қосымша сараптама жүргіземіз», — дейді Ербол Исақаев.

Ректордың айтуынша, бұл корпус университеттің ең алғаш салынған ғимараттарының бірі. 1958 жылы пайдалануға берілген.
«Ғимарат кірпіштен салынғанымен, шатыры ағашпен жабылған. Ол салынғаннан бері ауыстырылмаған. Өзіндік стилі бар нысан. Қазір қолымызда 1 млрд теңгеден астам қаражатқа жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжат бар. Әзірге нақты шешім қабылдаған жоқпыз, қосымша сараптамадан кейін ғана белгілі болады», — дейді Ербол Исақаев.

Тіл және әдебиет институтының 700-ден астам студенті бар.
Ал жалпы жоғары оқу орны биыл 1-курсқа 1600 адам қабылдады. Былтыр 865 грант берілсе, биыл 1100 студент тегін білім алады.
Бұған дейін СҚО-да тасқыннан зардап шеккен мектеп түлектеріне қосымша 136 грант берілгенін жазған едік.
