Петропавлда үйі өртеніп кеткен 7 отбасыға уақытша баспана беріледі – СҚО әкімі

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жеті отбасы өрттің салдарынан баспанасыз қалды. Қазір олар мектепте ашылған эвакуациялық пункте тұрып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлда үйі өртеніп кеткен 7 отбасыға уақытша баспана беріледі – СҚО әкімі

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров өрттен зардап шеккендер уақытша баспанамен қамтылатынын айтты.

«Береке» шағынауданында өрт шығып, бүлінген үйлердің тұрғындары №25 мектептегі эвакуациялық пунктіне уақытша орналасты. Олар тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді.

Өрттен зардап шеккендермен кездестім. Арнайы комиссия құрылды. Тұрғындар уақытша баспанамен қамтамасыз етіледі», - деп жазды облыс басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жинау басталғанын хабарлады.

«Бүлінбейтін азық-түлік, тұрмыстық химия, таза киім-кешекті қалалық мәдениет үйіне әкеліп тапсыруға болады.

Мекенжайы: Петропавл қаласы, Сәтбаев көшесі, 37», - делінген хабарламада.

Пункт гуманитарлық көмекті сағат 9.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін қабылдайды.

Естеріңізге салайық, кеше Петропавлдағы «Береке» ықшамауданында қамыс жанып, арты үлкен өртке ұласты. Салдарынан 40 адамды қауіпсіз жерге шығаруға тура келді.

Қатты жел жалынды ауыздықтауға мұрша бермей, 140-қа жуық маман өртті 3 сағат бойы сөндірді.

Өрт кезінде 9 баспана (екеуі бос тұрған), кәсіпорынның гаражы және 3 автобус түгі қалмай жанып кетті.