Петропавлда вандалдармен күресу үшін ерекше бейнекамералар орнатылады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда биыл қала көшелеріне қосымша 188 бейнекамера орнатылмақ, оның 50-і бүгінде саябақтарға қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, вандалдармен күресу мақсатында биыл аялдамалардың маңына датчигі бар бейнекамералар қойылады. Олар сынған әйнекке бірден әрекет етіп, жазып алады.

Бұған дейін облыс орталығындағы Хром зауыты, Жұмысшы кенті, Борки және Солнечный кенттерінде бұзақылар әйнектен жасалған автобус аялдамаларын сындырған еді. Бірінші кезекте осы орындарға датчигі бар бейнекамералар қойылмақ.

Жалпы биыл Петропавлда қосымша 188 бейнакамера пайда болады. Олар аялдамалардан бөлек стадиондарға, ескерткіштердің маңына, аулаларға, тіпті қоқыс төгетін алаңдарға, саяжай қоғамдарына да орнатылады. Олардың 50-і бүгінде саябақтарға қойылды.

Бейнекамералардың барлығы Ikomek-109 ахуалдық орталығына және Солтүстік Қазақстан облыстық полициясы департаментінің жедел басқару орталығына қосылады.

Қазір Петропавлда 400-ден астам бейнекамера жұмыс істеп тұр.


Соңғы жаңалықтар