Петропавлда волонтерлер аналар үйі тұрғындарын мерекемен құттықтады

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Қиын жағдайға ұшырап, Петропавлдағы аналар үйінде тұрып жатқан келіншектер мен олардың балаларына волонтерлер сыйлық апарды.

аналар үйі
Фото: Орал Әміренов

Петропавлдағы аналар үйінің жұмыс істеп жатқанына биыл 11 жыл. Осы аралықта бұл мекеме жүздеген әйел мен балаға пана болды. Қазір мұнда 5 ана мен 7 бала тұрып жатыр. Солардың бірі — Елена. Оған көмек қолын созар әке-шешесі жоқ, жетім. Аналар үйінде тұрып жатқанына 3 айдан асқан. 

Аналар үйі
Фото: Орал Әміренов

— Қатты қиналғасын келген едім, қарсы алды, үміт сыйлады. Мені де, баламды да бастан-аяқ киіндірді. Ішетін тамағымыз бар, жылы жерде жатырмыз. Бұл жерде жақсы психолог бар, ол да көмектесті. Аналар үйінен шыққасын баламды балабақшаға беріп, өзім бұрынғы жұмысыма тұрамын, — дейді Елена.

Елена жетім ретінде пәтер кезегінде тұр. 

Жастар ресурстық орталығының волонтерлері де оларды назардан тыс қалдырмайды. Бұл жолы Жаңа жыл мерекесіне орай аналар мен балаларға сыйлық және мерекелік дастарханға түрлі тәтті әкелді.

жаңа жылдық тәттілер, кулек
Фото: Орал Әміренов

— Біз бұл мекемені қамқорлығымызға алғанбыз. Үш жыл болды, үнемі келіп, қажет заттарын әкеп тастаймыз. Әдетте хабарласып, не қажет екенін айтады. Мысалы, балаларға арналған киімдер, гигиеналық заттар немесе азық-түлік керек болып жатады. Ал бүгін біз жаңа жыл мерекесі қарсаңында арнайы құттықтап келдік. Бізді мұнда үнемі жылы қабақпен қарсы алып, шай ішкізбей жібермейді. Әңгімелесеміз, балаларды ойнатамыз, — дейді волонтер Айсұлу Бекімова.

Аналар үйін қиын жағдайға тап болған келіншектер жарты жыл ғана паналай алады.

Бұған дейін СҚО-да екі баланың астан уланып қайтыс болуына кінәлілер әлі жазаланбағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар