Петропавлда зейнеткерлерді алдаған деген күдікпен 31 жастағы әйел қамауға алынды

«Азаматшаның арбауына негізінен үйінде жалғыз тұратын, момын зейнеткерлер іліккен», делінген хабарламада.
79 жастағы тыл еңбеккеріне көшеде бейтаныс қыз келіп, өзін пошта қызметкері деп таныстырған. Ол қарияны мамыр мерекесіне орай екі жарым мың теңге көлемінде сыйақы беремін деп алдап, оның пәтеріне кірген. Кейін қыз зейнеткердің үйіндегі ақша жалған екеніне нандырып, осылайша ол зейнеткерді бар ақшасы мен зергерлік бұйымдарын тексеру үшін беруге көндірген. Соңыра су сұрап, қария ас бөлмесіне кеткенде, ізін суытқан. Облыс орталығындағы бірнеше қария осылай сан соғып қалған. «Петропавл қаласының ІІБ қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Ол бұрын сотталған Алматы облысының тумасы болып шықты, әрі осы сынды қылмыстары үшін еліміздің біраз аймақтарында іздеуде жүрген», - деді Петропавл қаласының ІІБ бастығының орынбасары Асан Мейрамов. Қазір тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті Петропавл қаласының ІІБ уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.