Петропавлда жаңбырдан соң су басатын көшелер тексеріліп жатыр — қалалық әкімдік

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлдың кей көшелерінде нөсер кәрізі мүлде жоқ. Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, қолданыстағы нөсер кәрізі мол су ағынына төтеп бере алмай қалады, өткізу қабілеті шектеулі. Сол себепті қазіргі уақытта қаладағы жиі су басатын учаскелер тексеріліп жатыр.

Петропавлда жаңбырдан соң су басатын көшелер тексеріліп жатыр — қалалық әкімдік
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Тазарту, су бұру және су өткізу құрылыстары кәсіпорны жабық және ашық жатқан нөсер кәріздерін тазартып, су сорғызу жұмысын атқарып жатыр. Қосымша арықтар қазылады. Бұдан бөлек әлі де 16-17 тамыздағы нөсер жауынның салдарымен күресіп жатырмыз. Барлық көрсетілген мекенжайларға апаттық бригадалар барып, арнайы техника қолданылды. Су сорғызу жұмысы жалғасқан, — дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Олег Гаврилов.

Маманның айтуынша, нөсерден кейін сағат 6.00-ден түнгі 00.00-ге дейін қала тұрғындары мен ұйымдарынан 100-ден астам өтініш түсті, оның 30-дан астамы қайта хабарласқан. 

— Жалпы 15 мың текше метрден астам су сорғызылды. «Қызылжар су» кәсіпорны және қалалық тазарту құрылыстарының 20-дан астам су сорғызу, кәріз жуғыш техникасы, экскаваторлары, 30-дан астам мотопомпа, 80-нен астам қызметкер жұмылдырылды, — дейді Олег Гаврилов.

Естеріңізге салайық, жаңбыр ұзақ уақыт бойы толассыз жауғандықтан, Петропавлда қаланың кей көшелерін және жер төлелерді су басып, тұрғындарды әбігерге салған еді. 

Ақерке Дәуренбекқызы
эксклюзив

Соңғы жаңалықтар