Петропавлда жасөспірім қағып құлатқан соғыс ардагері ауруханаға түсті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда таза ауа жұтуға шыққан Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагері Василий Макиенко ойда-жоқта жарақат алып, ауруханаға түсті.

Майдангердің туыстарының айтуынша, ол күнде саябаққа барып, құстарға жем шашуды әдет қылған. Ал кеше жолда оны 9-10 жасар қыз бала қағып кеткен. Ардагер жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді.
— Василий Макиенко көпсалалы қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды. Медициналық тексеруден кейін оған «жамбас сүйектерінің сынуы» диагнозы қойылды. Жағдайы орташа ауыр деңгейде. Сынған сүйектер орнынан қозғалмаған, яғни хирургиялық емдеуді қажет етпейді. Жағдайын бақылауда ұстап, емдеу үшін стационарға жатқызылды, — деді Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнар Қалиева.
СҚО полиция департаменті оқиғаға қатысты сәл кейінірек жауап бермек.
Василий Макиенко — СҚО-дағы көзі тірі үш майдангердің бірі.
Бұған дейін 99 жасқа келген майдангерге құрмет көрсетілгенін жазған едік.