Петропавлда жеке тұлғалар 1,2 млрд теңге микрокредитті жоғары пайызбен заңсыз берген
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда мамандар лицензиясыз жұмыс істеп келген микроқаржы ұйымының жұмысын тоқтатты. Бұл туралы брифингіде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басқармасы басшысының орынбасары Азамат Нұрбаев айтты.

Кейінгі жылдары елімізде микронесиелеу қызметіне сұраныс артқан. «Тез», «оңай», «анықтамасыз» несие береміз деген ұйымдардың көпшілігінің мақсаты – халықты алдап, қанау.
Заңнамаға сәйкес, қаржы нарығында кәсіби қызметті тек рұқсат етілген лицензиясы бар ұйымдар ғана жүзеге асыра алады. Мұндай лицензиясыз жүргізілген кез келген әрекет заңсыз кәсіпкерлік болып саналады.
– Лицензиясыз жұмыс істейтін жеке тұлғалар мен ұйымдар заңды айналып өтіп, халыққа жоғары пайызбен несие ұсынып, түрлі жасырын комиссиялар қосып, адамдарды қарызға белшесінен батырады. Заң бойынша микрокредиттің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56%-дан аспауы керек. Ал кейбір ұйымдар оны 800%-ға дейін жеткізген. Мұндай жағдайда адам бір рет несие алып, жылдар бойы одан құтыла алмай, қаржылық тығырыққа тіреледі, - дейді Азамат Нұрбаев.
Қаржылық мониторинг агенттігі мен Экономикалық тергеу департаменттері биыл еліміз бойынша лицензиясыз жұмыс істеп келген бес микроқаржы ұйымын жауып, олардың заңсыз әрекеттерін тоқтатты. Олардан 300 мыңнан астам азамат зардап шеккен, жалпы шығын көлемі — 71 млрд теңге.
– Петропавлда да жеке тұлғалар кепілмен несие беріп, жоғары пайыз және жасырын комиссиялар арқылы азаматтардың қалтасына қол салған. Осылайша материалдық шығын келтірді. Олар несиеге берген соманың жалпы мөлшері – 1,2 млрд теңге. Тергеу барысында құжаттар тәркіленіп, осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, - дейді Азамат Нұрбаев.
Мамандар микроқаржылық ұйымнан немесе жеке тұлғадан қарыз алмас бұрын лицензиясын тексеруді және келісімшартқа қол қоймас бұрын мұқият танысуға кеңес береді.
Бұған дейін елімізде микрокредит беру қағидалары бекітілгенін жазған едік.