Петропавлда жер кезегін күткендерге 2 мың учаске беріле бастайды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «Солнечный 2» кентінде жеке тұрғын үй салу үшін 10 сотық жерге кезекке тұрғандарға 1,5 мың жер учаскесі әзірленді. Жалпы барлығы 2 мың учаске берілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Бүгін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы «Солнечный 2» кентінде болды.

Бұл ауданнан 10 сотық жерге кезекке тұрғандарға учаскелер үлестірілмек. Қазіргі уақытта жер телімдері беруге дайын тұр.

Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі парақшасында жағымды жаңалықты бөлісті.

«Солнечный 2» шағын ауданында жеке тұрғын үй құрылысына 1,5 мың тегін жер телімі дайындалды. Барлығы 2 мың жер учаскесі берілмек. Жер учаскелеріне инженерлік инфрақұрылым тартылған: су, электр және жол бар. Шағын ауданда барлығы 105 км электр желісі, 54 қосалқы станса, 72 км су құбыры, 78 км жол салынды. Ықшам ауданда мектеп те салынады», - деп жазды облыс әкімі.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, Петропавлдағы «Южный» шағын ауданында тағы 1 мың жер телімі тегін беріледі. Қазір онда инфрақұрылымдық жұмыстар аяқталуға жақын.

«Осылайша, облыс орталығында қала тұрғындарына жеке үй салу үшін 3 мың тегін жер телімі беріледі. Естеріңізге сала кетейін, қазір Петропавлда 16,5 мың адам жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін учаскеге кезекте тұр. Тегін жер телімдері кезек бойынша беріледі. Бұл процесс ашық болуы тиіс. Ол үшін арнайы комиссия құрылып, оның құрамына қоғам белсенділері, журналистер, депутаттар мен қоғамдық кеңес өкілдері кіреді», - деді өңір басшысы.


Соңғы жаңалықтар