Петропавлда жоғалған 12 жасар бала аман табылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер 12 жастағы жоғалған баланы аман-есен тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 ақпан күні Петропавл тұрғыны сағат 17.00 шамасында полицияға хабарласып, баласының жоғалғанын айтқан. 12 жастағы ер бала үйіндегілерді ескертпей шығып кеткен.
Баланың белгілері Петропавл қалалық басқармасының барлық жеке құрамына таратылды. Жасөспірімді іздестіруге ювеналды инспекторлар, учаскелік инспекторлар, тергеушілер мен патрульді полицейлер жұмылдырылды. Баланың жоғалғандығы жайында ақпаратты волонтерлер әлеуметтік желілерге, танымал пабликтерге орналастырды.
Жоғалған баланы полицейлер екі сағат шамасында аман-есен тауып, анасына табыстады. Жасөспірім таныстарының үйінде болған екен.
«Полицейлер мен волонтерлер жоғалған адамды тез арада іздеп табуда тиімді тетік қалыптастырған. Әлеуметтік желіге хабарландыру орналастырып, ақпараттық қолдау көрсету – полиция жұмысын біршама жеңілдетеді. Сондай-ақ волонтерлер іздеу жұмыстарына да қатысады. Алайда, биылдыққа олардың көмегіне жүгінгеніміз жоқ. Жыл басынан ата-аналардан балаларының жоғалғандығы жөнінде 9 хабарлама түсті. Олардың барлығында полицейлер жасөспірімдердің жүрген жерін қысқа мерзімде анықтап, ата-аналарына тапсырды», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатов.