Петропавлда жоғалған 13 жасар қыз табылды

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 сәуір күні кешкісін белгісіз бағытта кеткен жасөспірімді өздігінен іздеп таба алмаған ата-ана полицияға жүгінген. Оны іздеуге дереу учаскелік инспекторлар, ювеналдық және патрульдік полицейлер, жедел уәкілдер мен басқа да қызметтердің мамандары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына волонтерлер қосылып, әлеуметтік желілерде бағдарлар орналастырылды. Мессенджерлердегі ата-аналар чаттарына да ақпарат жіберілді.
Бүгін таңертең жасөспірімді Петропавлда учаскелік полиция инспекторы Дәурен Қамзенов тауып алды. Ол кәмелетке толмаған баланы ювеналдық полицейлерге табыстады. Көшеде жаураған қызды облыс орталығында тұратын қамқор әйел түнеуге қалдырған. Ал ата-анасына таңертең хабарламақ болған.
«Баланы аман-есен ата-анасына табыстадық. Профилактикалық сипаттағы әңгімелесу жүргізіліп, жауап алынды. Психолог маман жұмыс жүргізіп жатыр. Ересектерден балаларына бас-көз болуларын сұраймыз. Балалардың бос уақытына, тәртібіне назар аударған жөн», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Элмира Абушева.