Петропавлда жоғалған кейуана бес күннен кейін орманнан табылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдың із-түзсіз кеткен 75 жастағы тұрғыны бес күн бойы іздестіріліп, орманнан аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 тамыз күні полицияға Петропавл тұрғыны арызданады. Айтуынша, оның 1945 жылы туған анасы сағат 10 кезінде шығып кетіп, үйге қайтып оралмаған. Кейуана ұмытшақ ауруымен ауырады екен.

Әйелді іздеуге бірден полицияның күштері жұмылдырылды. Келесі күні жоғалған адамның белгілері туралы ақпарат аудандық бөлімшелерге таратылды. Бірінші кезекте кейуана баруы мүмкін Жұмысшы кенті, «Жас өркен» ықшам аудандары тексерілді. Ол нәтиже бермегесін саяжай, қала маңынан іздеу жалғасты. Көмекке Lider.kz қоғамының волонтерлері келіп, әлеуметтік желі арқылы хабарландыру берілді.

25 тамыз күні Петропавлдан 40 шақырымдай жерде, Мамлютка қаласының маңындағы ормандардың бірінде әйелді қорықшы Максим Петров көреді. Әбден шаршаған кейуана қайдан келе жатқанын, қайда бара жатқанын айта алмаған. Орман шаруашылығының қызметкері бірден полицияға хабар беріп, әйел аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Сол жерде оның аты-жөні анықталып, Петропавл қалалық полиция басқармасы мен туған-туыстарына хабар берілді.

«Кейуана 5 күн бойы қайда болғанын айта алмады. Волонтерлерге, әлеуметтік желі әкімгерлеріне – аман-есен табуға көмектескен барлығына алғыс білдіремін. Ұмытшақтықпен ауыратын адамдарды іздеп-табу қиын. Олардың қай бағытта кеткенін анықтау мүмкін емес. Сол себепті мұндайда еріктілердің көмегі зор», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.


Соңғы жаңалықтар