Петропавлда жолға жатып алған әйелді қағып өлтірген жүргізуші сотталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл қалалық соты жол-көлік оқиғасы салдарынан адам өліміне әкеліп соққан және оқиға орнын тастап кеткен жүргізушіге қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды.

Солтүстік Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, айыпталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» және 347-бабы «Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша айып тағылды.
Оқиға былтыр 30 наурыз күні сағат 19:30 шамасында болған. К. есімді ер адам «Lada Granta» автокөлігімен Петропавлдағы Украинская көшесімен келе жатқан. Қауіпсіз жылдамдықты сақтамаған ол жолдың үстінде жатқан Н. А. Михайлинаны қағып кеткен. Ауыр жарақат алған әйел оқиға орнында көз жұмды.
Жол-көлік оқиғасынан кейін К. жол қозғалысы ережелерін бұзып, апат орнын тастап кеткен. Сотта К.-ның кінәсі толық дәлелденді.
Мемлекеттік айыптаушы К.-ны 2,6 жылға бас бостандығынан айыруды, көлік құралын басқару құқығынан 2,6 айға айыруды сұрады. Жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу ұсынылды.
Зардап шегушінің өкілі айыпталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады. К. өз кінәсін ішінара мойындады және жазаны жеңілдетуді сұрады.
Сот К.-ның жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмаған балалары барын, сондай-ақ оқиғаға қайтыс болған адамның да ережені бұзуы себеп болғанын ескерді. Жағдайды ауырлататын жайттар анықталған жоқ.
Сот қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сонымен қатар, К. 2 жыл 6 ай мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін СҚО-да ауыл шаруашылығы санағы кезінде 92 мыңнан астам нысан қамтылатындығын жазған едік.